Skip to content

Антифриз: ол менің автомобиліме шынымен қажет пе?

Автомобильдің қозғалтқышы жылуды көп мөлшерде шығарады және егер бұл үдеріс бақыланбаса, ол автомобильдің қатты зақымдалуына алып келуі мүмкін. Осы себептен сіздің автомобиліңіз үшін антифриздің маңызы зор. Сумен араластырып, радиаторға құйғаннан кейін қозғалтқышты салқындату жүйесіндегі әртүрлі металл бөлшектерді қорғай отырып және майлай отырып, антифриз температураны реттеуге көмектеседі.

Антифриз деген не және ол автомобиль үшін неге мұншалықты маңызды?

Антифриз – бұл қозғалтқыштың температурасын реттеуге көмектесу үшін радиаторға құйылатын (сумен бірге) аздап боялған сұйықтық. Судың қату температурасын төмендететін және қайнау температурасын жоғарылататын этиленгликоль оның маңызды компоненті болып табылады. Бұл автомобиль радиаторындағы суды қатып қалудан, қайнаудан және буланудан қорғайды. Автомобиль тиісінше жұмыс істеу үшін жанармай мен қозғалтқыш майы тәрізді антифриз де  маңызды болып табылады. Антифриз болмаса, жанармайдың жануы барысында пайда болатын жылу қозғалтқыштың тез қызып кетуіне немесе тіпті оның толықтай сыналануына алып келеді.  Сондай-ақ антифриз жүйенің сумен тиетін компоненттерін майлайды және металл компоненттерін коррозиядан қорғайды.

Антифриз бен салқындатқыш сұйықтық – екеуі бір ме?

«Антифриз» және «Салқындатқыш сұйықтық» терминдері көбінесе өзара алмастырылып қолданылады, алайда бұлай істеген дұрыс емес десе болады. Антифриз бұл қозғалтқыштың салқындатқыш сұйықтығы компоненттерінің бірі. Дәлірек айтқанда, салқындатқыш сұйықтық дегеніміз антифриз бен судың қоспасы. Қозғалтқышты салқындату үшін судың өзін ғана пайдалану жеткіліксіз. Жанармайдың жануы кезінде пайда болатын жылу оның қайнауына әкеледі. Жазда су буланып кетеді, ал қыста ол қатады да жарамсыз боп қалады.  Автомобиль өндірушілерінің көбі радиаторда су мен антифризді 50/50 пропорциясында араластыруды ұсынады.

Антифризді неліктен ауыстыру қажет?

Уақыт өте келе автомобильдегі кез келген сұйықтықтар сияқты антифриз де жұмыс сипаттамаларынан айрылады, оған қоса қышқылдығы жоғарылайды. Бұл радиатордың және сорғы, құбыршек, термостат және радиатордың қақпағы сияқты салқындату жүйесінің басқа да маңызды компоненттерінің зақымдалуына алып келетін коррозияны тудырады.

Сондай-ақ, автомобильдің радиаторында тот, кір және басқа зиянды заттар жиналуы мүмкін. Осындай ластайтын заттар антифриздің қозғалтқыш температурасын реттеу қабілетін төмендетуі мүмкін. Бұл, өз кезегінде, қозғалтқыштың қызып кетуіне, цилиндрлер блогының айрылуына, және тіпті поршеньнің цилиндрге дәнекерленуіне алып келеді.

Антифризді қаншалықты жиі ауыстыру керек және оны қалай ауыстырады?

Алдымен әрдайым автомобильді пайдалану жөніндегі нұсқаулықпен танысудан бастаңыз. Әдетте, антифризді қайсысы ерте басталатынына қарай әрбір 48,000 км (30,000 миля) сайын немесе үш жылда бір рет ауыстырады. Антифризді ауыстырмас бұрын автомобильдің радиаторы мен қозғалтқышы суығанша күтіңіз. Бұған кемінде бір сағат қажет. Капотты ашып, радиатор мен құбыршектерде жарықтар мен тесіктердің бар-жоғын тексеріңіз. Зақымдалған бөлшектерді ауыстыру немесе жөндеу қажет. Радиатордың қақпағын шешіп алыңыз. Радиатордың ағызу тығынын бұрап алыңыз да, салқындатқыш сұйықтықты төгіп тастаңыз. Ағызу тығынын бұрап бекітіңіз, радиаторды дистилденген суға толтырып, қозғалтқышты 10 минутқа оталдырып қойыңыз. Қозғалтқыш суыған соң сұйықтықты қайтадан төгіп тастаңыз. Радиаторды толтырған сайын оны әрдайым дистилденген сумен шайып тұрыңыз. Бұл процедураны төгілетін су таза болғанша қайталаңыз. Шайып болған соң радиаторға антифриз бен дистилденген су қоспасын 50/50 пропорциясында құйыңыз және радиатордың қақпағын жабыңыз. 

Антифризді автомобильге қалай құяды?

Қозғалтқыш пен радиатордың салқындағанын байқап көріңіз. Ол үшін кемінде бір сағат керек. Антифриз бен дистилденген су қоспасын дәлме-дәл 50/50 пропорциясында әзірлеңіз. Радиатордың қақпағын абайлап шешіп алыңыз да, антифриз ерітіндісін құйған соң радиатордың қақпағын жабыңыз.

Автомобильді пайдалану жөніндегі нұсқаулық осы сияқты процедуралар бойынша соңғы инстанция болып табылады, сондықтан әрдайым алдымен пайдалану жөніндегі нұсқаулықты оқудан бастаңыз. Сондай-ақ, автомобильдің салқындату жүйесі қысыммен тұрғандығын және жылудың қауіпті мөлшерін шығаратындығын ұмытпау керек. Бұл процедураны ешқашан қозғалтқыш пен радиатор қызып тұрған кезде жүргізуге болмайды. Қауіпсіздік шараларын орындамау ауыр дене жарақатына ұшыратуы мүмкін.